Саясат

Қонақтар қазақстандық сот жүйесінің артықшылығын көзбен көрді

Тәуелсіздік-20

Өткен аптада Ақтөбе қаласына Ресейдің  бізбен көршілес Орынбор облыстық сотының судьяларының арнайы  делегациясы келді.  Мұндағы сапар мақсаты —  екі елдің сот жүйесіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерді көзбен көріп, салыстыру, өзара тәжірибе бөлісу, жақын білісу еді. Қонақтар облыстық соттың жаңа ғимаратында болып, қазақстандық әріптестерінің жұмыс жағдайларымен танысты. Алға ауданына барып, жаңа үлгідегі жобамен салынған аудандық соттың ғимаратын көрді. Тек мұнда ғана емес, соңғы жылдары облыстың бірнеше ауданында соттарға осындай жаңа ғимараттар салынып, пайдалануға берілгені мәлім. Тек жаңа ғимарат салынып қана қойған жоқ, жақсы жабдықтар да алып берілді. Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов қонақтарға облыстық, аудандық  соттардың қызметі, жұмыс кестесі, уақыттың талабына сай қалыптасқан тәжірибелер мен жаңалықтар туралы әңгімелеп берді. Көрші елдің сот жүйесінің ірі өкілдері ақтөбелік әріптестерінің әңгімелеріне ықылас қойып тыңдай отырып, қазақстандық сот ісінде қызықты тәжірибелердің мол екенін мойындады. Әсіресе, мемлекет тарапынан соттарға көрсетіліп отырған қамқорлықтар мен материалдық жағдайларға  сүйсінгендіктерін жасырмады. Алдағы уақытта  қазақстандық сот жүйесіндегі оң істерді Ресейде де енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Сот жүйесіне байланысты осы екі елдің арасындағы пайдалы әңгіме, тәжірибе алмасу жұма күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық  филалы ғимаратының мәжіліс залында, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен ғылыми-практикалық конференцияда одан әрі жалғасты. Ғылыми конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов, Ақтөбе облысының прокуроры, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің, облыстық ішкі істер департаментінің, экономикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық департаменттің , облыстық әділет департаментінің, облыстық адвокаттар алқасының бастықтары, басқа да құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстың, сот жүйесінің ардагерлері, облыстың судьялары, жоғарғы оқу орындарының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Халықаралық ғылыми конференцияға жиналғандарды ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов құттықтап,  Жоғарғы Сот төрағасының сәлемін жеткізді. Мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасу кезеңдерін, түрлі салаларда қол жеткізген табыстарын атап көрсете келіп, сот жүйесінің дамуына, қазіргі ұстанған бағытына тоқталды. Сот билігінің қоғамдағы орны мен жүргізіп отырған қызметін нақты мысалдармен баяндады. Таяуда Қазақстандық сот бірлестігінің Халықаралық судьялар қауымдастығына қабылдануы осының айқын көрінісі екенін айтты. Оған әлемнің 77 мемлекеті дауыс беріп, қолдау көрсеткен. Мұнымен бірге, ол еліміздің сот жүйесін жетілдірудегі атқарылған және алдағы кезеңдерде жүзеге асырылуға тиісті жұмыстарды хабарлады. Осы саладағы қол жеткен көрсеткіштерді, заңдылықтарды жетілдірудегі ізденістерді, сот жүйесіндегі жаңалықтарды, жаңа жұмыс тәжірибелерін ортаға салды.

Ғылыми конференцияда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған негізгі баяндаманы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов жасады. Төраға еліміз тәуелсіздік алған жылдарда жас мемлекеттің жаңа тұрпатты сот жүйесі қалыптасқанын кеңірек әңгімеледі. Бұған еліміздің Ата заңы — Конституциямыздың жол ашып отырғанын атап көрсетті.

Басқосуда Орынбор облыстық сотының төрағасы Виктор Емельянов сөз алып:

— Мың рет естігенше, бір рет көрген артық. Сондықтан Ақтөбеде өтетін осы конференцияға үлкен құлшыныспен келдік. Бұған дейінде аймақтық соттардың жұмысымен танысып, көп нәрсені ойға түйдік. Жалпы, Қазақстан өзі қол жеткізген тәуелсіздігінің 20 жылында сот жүйесінде де көптеген оң өзгерістер жасай алған екен. Қарап отырсақ, ілгері тұстары жетерлік, үйренетін игі істер мол, — деді.

Ғылыми конференцияда жоғарғы оқу орындарының заң факультеттерінің білікті ғалымдары, сот, басқа да мемлекетік құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагерлер сөз алып, ой бөлісті, еліміздегі сот жүйесінің беделін арттыруға қатысты өз пікірлерін білдірді.

Таяуда  облыстық сот төрағасы Ерлан Айтжановтың тікелей қолға алуымен «Ақтөбе облыстық соты тәуелсіздік жылдарында» атты арнайы журнал шығарылып, көпшілік назарына ұсынылған болатын. Тақырыбынан көрініп тұрғанындай, бұл журнал еліміз тәулсіздік алған жылдарда аймақтың сот жүйесінде қалыптасқан оң өзгерістерді қамтиды. Аса жауапты сала — сот қызметін нығайтуға елеулі еңбек сіңірген судьялар туралы да нақты деректер бар. Конференцияда осы журналдың тұсаукесері өтіп, оған қатысушыларға таратылды.

Жиын соңы мерекелік шараларға — марапаттау рәсіміне ұласты. Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты сот жүйесінде жиырма жылдық өтілі бар судьялар марапатталып, заттай сыйлықтарға ие болды. Бұл күні сот жүйесінде қызмет атқаратын жас мамандар — тәуелсіздіктің құрдастары да құр қалмады. Олар да марапатталып, сыйлықтар алды.

Сондай-ақ облыстық соттың бастамашылығымен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында «Үздік кеңсе меңгерушісі», «Үздік сот отырысының хатшысы» сайыстары ұйымдастырылған еді. Осы жиында сайыс жеңімпаздары анықталып, салтанатты жағдайда жүлделері тапсырылды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button